Шешім Қостанай облысының әділет департаментінде 2016 жылғы 29 маусымда №6509 болып тіркелді
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қостанай қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
2. Қостанай қалалық мәслихатының 2015 жылғы 23 маусымдағы № 330 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5745 тіркелген, 2015 жылдың 21 шілдесінде «Наш Костанай» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрайымы, № 20 сайлау
округі бойынша депутаты А. Кабдулинова
Қостанай қалалық
мәслихатының хатшысы Б. Сандыбеков
КЕЛІСІЛДІ
«Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы
__________________С. Умаров
«03» маусым 2016 жыл
«Қостанай қаласы әкімдігінің
экономика және бюджеттік
жоспарлау бөлімі» мемлекеттік
мекемесінің басшысы
__________________Н. Дорошок
«03» маусым 2016 жыл
Қостанай қалалық мәслихатының
2016 жылғы 03 маусымдағы
№ 41 шешімімен бекітілген
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және
мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, өның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қостанай қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасының тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Қостанай облысындағы статистикалық орган есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын облыстық маңызы бар қаланың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Қостанай қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
10) халықты жұмыспен қамту орталығы – облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
5. Жеңіс күні – 9 Мамыр мереке күні болып табылады.
2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі
және әлеуметтік көмектің мөлшерлері
6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есептемегенде:
1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;
2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан теңестірілген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен теңестірілген адамдардың басқа санаттарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде көрсетіледі.
7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:
1) барлық санаттағы мүгедектерге, емделуге және тексерілуге, табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
2) барлық санаттағы мүгедектерге, олардың оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
3) білім беру ұйымында оқуды төлеуге бағытталған, білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды, мемлекеттік бюджеттен төлемдердің өзге түрлерін алушыларды есептемегенде, жүгінген күннің алдындағы соңғы он екі айда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар көп балалы және толық емес отбасылардың жастарына, сондай-ақ табыстарын есепке алмай, жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуын жалғастыратын жастарға, балалар үйінің түлектеріне, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балаларға және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, нақты шығындар бойынша, алғашқы техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі және жоғары білімді алуға байланысты оқудың күндізгі нысанын төлеу үшін, оқу жылы ішінде екі бөлініп аударылатын, 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
4) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, қосымша тамақтануға, табыстарын есепке алмай, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
5) мемлекеттік жәрдемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа табыстары жоқ, жалғыз басты тұратын мүгедектерге, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
6) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына қайтыс болған күні халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;
7) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
8) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 70 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай, 150000 теңге мөлшерде;
10) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан теңестірілген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен теңестірілген адамдардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде көрсетіледі.
8. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
9. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі Қостанай облысы бойынша бір еселік ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерде белгіленсін.
10. Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетілген жағдайлар туындаған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей көрсетіледі.
11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
13. Ай сайынғы әлеуметтік көмек осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген, осы Қағидалардың күшіне енгеніне дейін алған адамдарға алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі. Қайта жүгінген адамдар өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты;
3) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты ұсынады.
14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
3) Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
4) осы Қағидалардың 7-тармағының 3), 6), 7)-тармақшаларында көрсетілген, адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
15. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
16. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
17. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға жібереді.
18. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
19. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.
20. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық топтамасын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
21. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
22. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
23. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы мөлшерінің ең төмен күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
25. Әлеуметтік көмек төлемі алушының таңдауы бойынша ол таңдаған екінші деңгейдегі банктің жеке шоттарының деректемелері көрсетілген өтініші негізінде, екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қостанай қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату
және қайтару үшін негіздемелер
27. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы Қостанай қаласының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
28. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
5. Қорытынды ереже
29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерек қорын пайдалана отырып жүргізеді.